23:54, 22 Ақпан 2023 | GMT +5
Түркістан облысында ауыл тұрғынынан 30 данадан астам марихуана орамасы тәркіленді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сайрам ауданында есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер Сайрам ауданының тұрғынын есірткі сақтады деген күдікпен ұстады. Жедел уәкілдер күдіктінің үйін тінту кезінде оның сандығынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар 30 данадан астам орама (полиэтилен пакеті) тапты. Тәркіленген заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберіліп, зерттеу қорытындысына сәйкес олардың жалпы салмағы 1 келіден асатын марихуана екені анықталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Фото: polisia.kz