Түркістан облысында ауыз судан алынған сынама гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында ауыз су сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Бұл туралы Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысында қалалық және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан орталықтандырылған су жүйелеріне мониторинг жүргізілді.
Сала мамандары су құрамының микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерін зерттеді.
Нәтижесінде микробиологиялық зерттеуге алынған 2298 су құрамының Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Келес, Төле би аудандарынан алынған 21 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді.
Ал, санитариялық-химиялық құрамын зерттеуге алынған 1333 сынаманың 31-нен сәйкессіздік табылған.
Оның басым бөлігі Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Келес, Төле би, Шардара аудандарындағы су жүйелеріне тиесілі.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан су таратушы мекемелерге анықталған сәйкессіздіктерді жою бойынша ұсыныс хаттар жолданды. Жалпы жыл басынан бері облыс көлемінде су арқылы берілетін жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Халық тұтынатын ауыз су эпидемиялық және радиациялық тұрғыдан қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз және жағымды органолептикалық қасиеттерге ие болуы тиіс» делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.