Түркістан облысында азық-түлік тұрғындардың үйіне дейін жеткізіледі

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты тұрғындарға азық-түлік тауарлары үйіне дейін жеткізілуде. Мұндай игі істі «Түркістан» ӘКК» АҚ азаматтарға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында азық-түлік тұрғындардың үйіне дейін жеткізіледі

«Түркістан» ӘКК» АҚ мәліметінше, кез келген азамат қажетті азық-түлік және басқа да тауарларға тапсырысты байланыс телефондары немесе WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы бере алады.

Ал, тауар үшін төлемақы қолма-қол немесе банк картасы арқылы жасалады. Жеткізу ақысы болса тапсырыс берушінің орналасу қашықтығына байланысты 350-700 теңге аралығында деп бекітілген.

Өз кезегінде көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жататын жандарға бұл қызмет түрі тегін көрсетіліп отыр.

Айта кетейік, жалпы Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатумен айналысатын 14 әлеуметтік дүкен мен 5 супермаркет бар.