Түркістан облысында бақташы өзі бағып жүрген малды сатып жіберген
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында бақташы өзі бағып жүрген малдың жартысын сатып, ақшаны өз пайдасына жаратқан, деп хабарлайдыPolisia.kz.
Сайт таратқан мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысы, Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, отар қойының ішінен 570 бас қойы жоғалғанын хабарлаған.
Жәбірленушінің айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында ол малдарын жергілікті тұрғынға бағуға сеніп тапсырған. Алайда 3 айдан соң малдарын санағанда бір бөлігі жоқ болып шыққан. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, полиция қызметкерлері қой ұрлауға қатысы бар бақташыны, яғни Шардара ауданының тұрғынын ұстады. Анықталғандай, күдікті малдардың көп бөлігін сатып, ал ақшасын өз қажетіне жұмсаған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 28, 5 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхат берді. Полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтауда.