Түркістан облысында баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру семинары өтті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында баспасөз хатшыларының біліктілігін көтеру мақсатында «БАҚ және әлеуметтік желі: Субъективтік шеңбердегі моральдық-этикалық ұстанымдар» атты семинар-тренинг өтті. Аудан, қала мен басқармалардың оң имиджін қалыптастыруға арналған семинарда ашық ой-пікірлер айтылып, басқосу еркін форматтағы сұхбат алаңына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған шараға лингвист-сарапшы, Алматы қаласының мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Бижомарт Қапалбеков пен заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ІІМ құрметті ардагері Балғабай Нақыпов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. Олар БАҚ жұмысы мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар туралы баяндама жасады. Семинарды ашқан қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты күшейту керектігі мен семинардың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде баспасөз қызметінің мамандарына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Яғни, билік пен халықтың арасында алтын көпір болып, еліміздің дамуына, азаматтық қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту жолында артылған сенім жоғары»,- деді Дамир Жүнісов.
Ал, ғалым Бижомарт Қапалбеков журналистік этика мен грамматикалық қағидаттар бір-бірімен өзара үнсіз үйлесім табатынына тоқталып, лингвист-сарапшы маманының негізгі міндетін түсіндірді. БАҚ тарапынан жарияланатын материалдар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар заңдылығы туралы баяндама жасаған ҚР ІІМ құрметті ардагері Балғабай Нақыпов сараптау нәтижесі арқылы жүзеге асатын жұмыстардың журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары үшін қаншалықты маңызы зор екенін де тілге тиек етті. Шараның мақсатына сәйкес баспасөз хатшылары үшін тиімділігі жоғары, күнделікті жұмыста кездесетін кедергілер мен түрлі оқиғалар бойынша Бейсен Тәжібаев өз тәжірибесімен бөлісіп, жиналғандарға мазмұнды дәріс оқыды. Жиын барысында облыстағы аудан, қала және мемлекеттік мекеме баспасөз хатшылары бірігіп, осы тектес тәжірибе алмасу шараларын жиі ұйымдастыруды жоспарлады. Семинар соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының арнайы сертификаттары табысталды.

