Түркістан облысында білім беру саласы толығымен цифрландырылуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында білім саласындағы цифрландыру жүйесі қарқынды енгізілуде. Жобалар білім саласындағы ашықтық пен қолжетімділікке бағытталған. Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мәлім етті.

 Түркістан облысында білім беру саласы толығымен цифрландырылуда

Оның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалар Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ елімізде алғашқы болып қолға алынған.

Бүгінде облыста 1371 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 140 034 бала қамтылған.

«Қазіргі таңда «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды автоматтандыру» жобасына - 481 мекеме, яғни 35 пайызы қамтылған. Balabaqsha.sitcen.kz порталына қосу арқылы 2018 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыстағы 902 мектептің барлығында mektep.sitcen.kz порталы арқылы білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау сынды қызметтер автоматтандырылды. Аталған жүйе Түркістан облысының барлық ауданындағы мектептерде қосылып, бүгінгі күні жүйе арқылы 54 751 оқушы электронды түрде 1-ші сыныпқа қабылданды», - деді Ардақ Мәдіханқызы.

Айта кетерлігі, жүйенің тиімділігі ата-ана мектепке бармай-ақ, қалаған мектебіне 1-ші сыныпқа қабылдауға өтініш беріп, өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама ала алады.