Түркістан облысында бірқатар кәсіпкерлік нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді
Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес туризм объектілері мен ұйымдарға, оның ішінде қонақ үйлер, санаторий, отель, демалыс үйлері, туристік базалар сияқты нысандардың жұмыс істеуіне 24 тамыз күнінен бастап рұқсат берілді. Бірақ, аталған қызмет көрсету орындарының жұмыс істеу қуаты 80 пайыздан аспауы керек. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен ойын-сауық объектілерінсіз саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың өзге де демалыс орындарына баруға болады. Алайда, мұндай жерлерде азаматтар үнемі маска кию режимін және 2 метрден кем емес әлеуметтік арақашықтықты сақтауы міндеттеледі.
Одан бөлек, сән салондарының, шаштараздың жұмыс істеуіне рұқсат етіліп отыр. Алайда, азаматтар қызмет алу үшін алдын ала жазылуы керек. Мұндай нысандар жұмыс күндері ғана сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Осындай режиммен бассейнсіз фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары да жұмыс істейтін болады.
Қаулыға сәйкес қоғамдық көлік қозғалысы жұмыс күндері сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін шектеліп, қоғамдық көлік жұмысы демалыс күндері тоқтатылады. Қоғамдық көлікте жолаушыларға бетперде кию міндеттеледі. Ал, қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік жұмыс істемейді.
Сонымен қатар, кинотеатрлардың, түнгі клубтардың, сауда-ойын-сауық кешендерінің жанындағы балалар ойын алаңдарының, компьютер клубының, караоке, бильярд, боулинг орталықтарының, фудкорттардың, банкет залдарының, букмекерлік кеңселердің, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондардың, батуттардың, спорт залдарының, бассейндердің, қалалық, қоғамдық жағажайлардың, аквапарктердің қызметі шектелді.
Ал, қоғамдық тамақтандыру объектілері күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып 30 орынға дейін ұжымдық іс-шараларсыз, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жұмыс істейді. Мұндай орындар тек жұмыс күндері ғана сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін.
Жалпы басқа да кәсіпорындарының басшыларына және жеке кәсіпкерлерге карантин аяқталғанға дейін маска, қолғап кию және антисептик пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Халыққа қызмет көрсететін объектілер қызметкерлерін уақтылы ауыстырылатын бір рет қолданылатын қолғаппен және температураны өлшеуге арналған аспаптармен қосымша қамтамасыз етілу шарт.