Түркістан облысында биыл 30 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді
Түркістан облысында 998 орта білім беру ұйымы бар. Оның 907 - мемлекеттік болса, 91 - жекеменшік.
Өңірдегі жалпы оқушы саны - 515 079.
Мыңға жуық мектептің 844-і ауылдарда орналасқан. Ал, қалаға тиеселі білім ордаларының саны - 154.
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында облыс бойынша 11-сыныпты 30 266 түлек бітіреді.
Оның 1416 түлегі «Алтын белгіге» үміткер болса, 2355-і «Үздік аттестат» алуға үміттеніп отыр.
Жалпы өңірдегі Түркістан мен Сарыағаш қалаларында және Жетісай, Созақ, Сайрам аудандарында «USTUDY» тестілеу орталықтары орналасқан.
ҰБТ-ға дайындық мақсатында ондағы 12 аудиторияда 600 компьютерлік орын дайындалған.
Сондай-ақ, өңірде 45 742 оқушы 9-сынып бітіреді. Оның 4082-і «Үздік аттестатқа» үміткер.