Түркістан облысында биыл 55 мыңдай бала 1-сыныпқа барады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 2018-2019 жаңа оқу жылында 1 381 балабақша, 907 мектеп және 94 колледж жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Білім басқармасы басшысының сөзінше, өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.

Түркістан облысында биыл 55 мыңдай бала 1-сыныпқа барады

«Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 105,5 млн теңге бөлініп, білім мекемелерінде әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, қазір олардың жартысынан астамы жаңа оқу жылына дайын. Барлық білім нысандарын 25 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. 2018 жылы 47 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінген. Оның 40-ы мектеп, 1-еуі мектеп-интернат, алтауы колледж», - деді Исатай Сағындықов.

2018-2019 оқу жылында өңірімізде 54 915 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Жаңартылған білім беру мазмұнына 3, 6, 8 сыныптарының көшуіне байланысты оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы өтеді деп жоспарланды. Аталған шара аясында 2017 жылы облыстағы тұрмысы төмен және көпбалалы 26 749 отбасы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жалпы құны 314 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген.
Айта кетерлігі, облыстық білім басқармасына қарасты «Тау самалы» облыстық мамандандырылған оқу-сауықтыру орталығы коммуналдық меншіктен мемлекеттік мүлікті тапсыру ережесіне сәйкес, мүліктік кешен ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының меншігіне өткізілді. Енді «Тау самалы» орталығы Қазақстанның барлық аймағынан, атап айтқанда Алматы, Түркістан облысы сияқты халқы тығыз орналасқан аймақтардан балаларды барынша қамтуға мүмкіндік береді. «Тау самалы» орталығының «Балдәурен» РОСО есебіне берілуі қызметкерлер бірлігінің  сақталуын қамтамасыз етеді және аталған аудан тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары ашылатын болады.