Түркістан облысында бокстан қыздар арасында халықаралық турнир өтті
ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара ауданында бокстан қыздар арасында халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауданның құрылғанына 55 жыл толуына арналған жарысқа 2004-2005 ж.т және 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер қатысты.
Аталған жарысқа Қазақстан Республикасының барлық облыстары және қалаларымен қоса Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де былғары қолғап шеберлері бақ сынамақ. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бауыржан Шомпиев өңірден шыққан Әлем чемпиондарының саны 56 адамға жеткенін мақтанышпен айтып, бүгінгі күні сайысқа түскелі тұрған боксшы қыздарға сәттіліктер тіледі.
Халықаралық турнирді ашық деп жариялады. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР жасөспірім қыздар арасында аға жаттықтырушысы Жәнібек Әбенұлын Шардара ауданы әкімінің алғыс хатымен және естелік сыйлығымен марапаттады. Сонымен бірге Түркістан облысында қыздар арасында бокс спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Нұрбек Демеуовты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Полат Қырықбаевтың алғыс хатымен және естелік сыйлығымен марапаттады.