Түркістан облысында «Бұл – біздің таулар» фестивалі өтті
Шараның мақсаты – оқушыларға аймақтағы таулы өлкелерді таныстыру, табиғат құндылықтарын насихаттау, тау туризмін дамыту және Түркістан облысының жаңа туристік бағыттарын таныстыру.
Фестивальға Түркістан қаласындағы 30 мектептен үздік, белсенді әрі талантты 30 оқушы және «Оқушылар сарайындағы» үйірмелерге қатысушы, көптеген республикалық және халықаралық додаларда топ жарып жүрген дарынды 20 оқушы қатысты. Олар Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Хантағы демалыс аумағына саяхат жасап, түрлі қызықты сайыстар мен ойындар ойнап уақыт өткізді.
Алдымен Түркістан қаласынан жолға шыққан фестиваль қатысушылары Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барды. Онда оқушылар «Бұл – біздің таулар» тақырыбында сурет салудан сынға түссе, одан кейін «Дрон ұшыру» бойынша балалар өздерінің қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар өнерден алыс емес балалар өлең, эссе жазып және ән айтып та таланттарын көрсетіп, ұйымдастырушылардың жүлделеріне ие болды. Ал, екінші күні Хантағы демалыс аумағына барған балалар кедергілер арқылы тау шыңдарын бағындырды. Сондай-ақ пікірсайыс ұйымдастырып, өздерінің жан-жақтылықтарын көрсете білді.
«Балаларды табиғатқа жиі алып бару, оларға қызықты сәттер сыйлау өте пайдалы. Мен өзім де тауға жиі шығамын. Адам табиғатпен тілдесу арқылы жаңа белестерге күш-қуат алады. Сонымен қатар, бүгінгі шара ең бірінші кезекте балаларды табиғатты аялауға үйретері сөзсіз», – дейді Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызы.
Айта кетейік, аталмыш фестивалі 20 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын фестиваль қатысушылары арасында ішкі туризмді дамытуға қызығушылық пен табиғатты қорғауға деген құлшыныс артып келеді.