Түркістан облысында дәретханалары сыртта орналасқан 23 мектепке айыппұл салынды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында дәретханалары сыртта орналасқан 23 мектепке айыппұл салынды. Кемшілікке жол берген 29 лауазымды тұлға 230 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан жүргізілген тексерулер барысында Түркістан облысындағы 23 мектептің ғимараты ішінде дәретханалардың жоқтығы анықталған. Яғни, Сарыағашта - 13, Мақтааралда - 4, Отырарда - 2 және Түркістан қаласы, Төлеби, Бәйдібек, Жетісай аудандарындағы мектептерде ішкі дәретханалар мәселесі шешілмеген. Сондықтын, кемшілікке жол берген 29 лауазымды тұлғаға 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Жүргізілген тексерулер кезінде мектептерде сыртқы дәретханалардың қолданылуымен қатар ішкі санитариялық тораптардың санитариялық талаптарға сәйкестігіне және уақытылы тазаланып, дезинфекциялануына назар аударылады»,- дейді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.
Облыста жыл сайын пайдалануға берілетін мектептер саны да артып келеді. Жаңадан ашылып жатқан жекеменшік және мемлекеттік білім беру нысандардың ішкі дәретханалармен қамтамасыз етілуін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жіті қадағалауға алып отыр.