Түркістан облысында дзюдодан ашық біріншілік өтуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы орталық спорт кешенінде дзюдодан №1 олимпиадалық спорт мектебінің ашық біріншілігі өтуде. Сайысқа өңірдің барлық аймағымен қатар Шымкент қаласының да балуандары қатысып, өзара шеберліктерін байқауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында дзюдодан ашық біріншілік өтуде

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы өтіп жатқан балуандар бәсекесінде ұлдар 10 салмақ арасында, қыздар 7 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтауда. Дзюдо шеберлері сайысына 328 спортшы, 15 команда қатысуда. Жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Данияр Айтымбетовтың пікірінше, бұл жарыс маусым айында Шардарада дзюдо күресінен өтетін облыс чемпионатына іріктеу болып табылады. Түркістан облысының намысын 48 келі салмақта қорғайтын спорт шеберлігіне үміткер Жұпаргүл Ізтаева бұл жарысқа жан-жақты дайындықпен келіпті. Балуан қыз бұл жарыста бар күш-жігерлерін көрсетуде. Айта кетерлігі, облыстық №1 спорт мектебінің директоры Бердалы Әділбек бастаған ұжым бұл жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, жастардың спорт өнеріне деген ынта-жігерлерін арттырды. Сайыстың жеңімпаздары маусым айында Шардарада өтетін Қазақстан чемпионатында бақтарын сынайтын болады.