Түркістан облысында егістік жер көлеңкелі бөліске түсіп жатыр –депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Бас прокурорға Түркістан облысындағы жер ресурстары саласында тіркелген заңдықтар туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімдігімен «Фархат» шаруа қожалығына Қарасу ауылдық округі аумағынан егістік жері берілген. Ал, «Фархат» шаруа қожалығының оған берілген егістік жерді 17 бөлікке, ары қарай 42 жер учаскеге бөлгені анықталған.

Тағы бір айта кететін мәселе, «Сайрам» өндірістік кооперативі уақытша пайдалану құқығымен берілген жерді 7 бөлікке бөліп беру туралы өтінімімен Шымкент қаласындағы тиісті жергілікті атқарушы органға жүгінген. Шымкент қаласының тиісті уәкілетті органы жалға алу келісім шартын жасамастан, Жер кодексінің нормаларын өрескел бұза отырып, егістік жерді жер учаскелеріне бөлуді бұйрығымен бекіткен.

Осындай жағдайлар бір ғана оқиға емес, барлық өңірлерде көптеп кездесуде», - деді депутат.

Айтуынша, осының салдарынан халық арасында «Нахаловка» атанған елді мекендер, көшелер пайда болып жатқан көрінеді.

«Осылайша ешқандай инфроқұрылымсыз, архитектуралық, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін елді мекендер бой көтеруде.

«Amanat» партиясы маңызды мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі билік органдарының диалогын қолдайтындығын ескере отырып, төмендегіні ұсынамыз:

1. Ауыл шаруашылығы, Әділет министрліктерімен және Бас прокуратурамен бірлесіп ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгертуді және тиісті лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктеуді реттейтін Жер кодексі баптарының құқық қолдану практикасы мәселелерін зерделеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды;

2. Жер кодексінің баптарын бұзған жауапты тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды;

3. Өңірлерде жер ресурстарын беру туралы ақпараттың ашықтықтығы мен жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал жасауды ұсынамыз», - деді Фахриддин Қаратаев.


Соңғы жаңалықтар