Түркістан облысында ет және сүт өнімдерінің өндірісі артып келеді
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Түлкібас ауданында ет және сүт өнімдерінің өндірісі артып келеді. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасымен ірі қара мал басын көбейтушілер саны көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елімізде ет шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы түлкібастық шаруалар жеңілдетілген несиелер алып, кәсібін кеңейтуде. Солардың бірі, Машат ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Е.Төлепбеков аталған бағдарлама аясында 120 бас аналық және 4-бас бұқа сатып алған. Бүгінде шаруа мал басын көбейтіп, шаруасын дөңгелетіп отыр.
Жалпы, таулы ауданда жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 7 шаруа қожалық мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиеге ие болған. Оған 336 бас сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал алынып, қазіргі таңда ет өнімдерін еліміздің әр өңірлеріне саудалауда.

Ал, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Түлкібас ауданына 22 шағын сүт фермаларын ашу межеленген болса, бүгінгі таңда жоспар 127,3 пайызға орындалып отыр. БҰл көрсеткіш 29 бірлікті құраған. Шаруалардың айтуынша, қазіргі таңда тұтынушылар тарапынан сүтке деген сұраныс өте жоғары. Себебі, шөбі құнарлы Түлкібас ауданының ірі қара малдарының сүті өте майлы болып келеді.
Бүгінгі таңда орта есеппен 5-15 сүт бағытындағы сиыры бар жанұялық сүт фермаларының иелері сүттің литрін 70-80 теңгеден «Майлыкент-сүт», «Фудмастер» сияқты сүт өндейтін цехтарға өткізіп, табыс табуда.
