Түркістан облысында ғасыр жасаған ақ жаулықты аналарға сый-сияпат жасалды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Ордабасы ауданында көктем мерекесі ғасыр жасаған ақ жаулықты аналарды құттықтаумен басталды, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында ғасыр жасаған ақ жаулықты аналарға сый-сияпат жасалды

Ордабасы ауданында 100 жастан асқан ақ жаулықты аналар көп.

Мәселен, тыл еңбеккері Шамбек Рахманова 106 жасқа толып отырса, Хлауда Кенелдіқызы, Кенже Өткелбаеваны, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың қызы Нағима Жүндібаева да ғасыр куәгері атанып отыр.

Ордабасы ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шаралар ғасыр жасаған ақ жаулықты аналарды құттықтаумен басталды.

Аудан әкімі Бағлан Батыршаев ғасыр куәгерлерінің үйлеріне арнайы барып, иықтарына орамал жауып, мерекелік гүл шоқтарын сыйлады.

1916 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген Шамбек әже бүгінде Темірлан ауылында кенже қызы Алтынның қолында тұрады.

15 шақты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана немере, шөбере, шөпшек, неменесін қосқанда 150 ден астам ұрпақтың қазыналы ақылшысына айналған.

Ал, Ұялжар ауылында тұратын Хлауда әже нағыз еңбектің адамы болған.

Ел басына күн туған қиын кезеңде ер азаматтармен қатар кетпен шауып, шиеттей бала-шағасын еңбекпен асыраған.

«Бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қаншама оқиғаларға куә болған әжелеріміздің өнегелі өмірі – баршамызға үлгі. Алдағы уақытта біз жүз жасаған қарттарымыздың өмір жолы, жеткен жетістіктері туралы деректер жинап, аудан архивін жасайтын боламыз. Сол арқылы өскелең ұрпақты өткен тарихымызбен жан-жақты таныстырмақпыз», деді аудан әкімі өз сөзінде.

Бадамдағы Кенже Өткелбаеваға мерекелік сәлемін ала барған аудан басшысы медициналық және әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, аудан басшысы даңқты батыр Қарсыбай Сыпатаевтың Бадам ауылында тұратын қызы Нағима Жүндібаеваны келе жатқан мерейлі мейраммен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.