Түркістан облысында халық тығыз орналасқан ауданда инсульт орталығы ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында халық тығыз орналасқан ауданда инсульт орталығы ашылды. Сайрам ауданындағы орталық ауруханада жұмыс істей бастаған компьютерлік-томография кабинетінде соңғы үлгідегі қондырғы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

206 мыңнан астам халқы бар Сайрам ауданы үшін бұл үлкен жаңалық болып отыр. Емдеу мекемесіне орнатылған аппараттың құны - 365 млн теңге. Оған қажетті қаражат облыстық қазынадан бөлінген.

Сайрамдықтардың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев және медицина саласының ардагерлері келді. Аурухана базасында ашылған орталық инсульт пен бас-ми жарақатын нақты анықтауға мүмкіндік береді. 

«Компьютерлік-томография ауруды алғашқы белгілерінен-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Аппараттың көмегімен бастағы ісіктер мен қабыну процесін, сүйек құрылымындағы аурулардың ауыр жағдайын да нақты табуға болады. Сонымен қатар, кеудедегі, құрсақ қуысы мен асқазан, аш ішек, мұрын қуысы мен бүйректегі ауытқуларды тексеруге болады»,- дейді дәрігерлер. 

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, осындай инсульт орталықтары тағы үш ауданда ашылады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram