Түркістан облысында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті. Халықтың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылған шарада тұрғындардың түйіткілді мәселелеріне байланысты тегін кеңестер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара Төлеби ауданындық Халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылды. «Халық заңгері» акциясы аясында мемлекеттік органдардың, «Nur Otan» партиясының, аудандық ауылшаруашылығы бөлімнің, сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары бөлімінің, мемлекеттік кірістер, көші-қон, әділет басқармасы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту бөлімдерінің өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты. Құқықтық тұрғыда шешу жолдарын айтып өтті. Акцияға келген тұрғындар жер телімдерін тіркеу, тұрғын үй мәселесі, кәсіпкерлікпен айналысу, әлеуметтік сала, еңбек, құқық қорғау бағыттары бойынша, ауыл шаруашылығы саласы және өздерін мазалаған өзге де сауалдарға нақты жауаптар алды.

Дәл осындай акция Сарыағаш ауданында да өтті. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға заңгерлер, кәсіби адвокаттар мен нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар, прокурорлар, тергеушілер, әділет органдарының қызметкерлері, көші-қон полициясы, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметшілері, оның ішінде білім, денсаулық, әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, жер салалары бойынша білікті де тәжірибелі мамандар қатысты. Акция барысында аудан тұрғындары көбінесе әлеуметтік мәселелер бойынша, құқық қорғау органдарының процессуалдық іс-әрекеттері, жер қатынастары, кәсіпкерлікке оқыту, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау сұрақтарымен жүгінді. Олар заң аясында қанағаттанарлық жауаптар мен пайдалы кеңестер алды.







