Түркістан облысында халықаралық сәулет конкурсы басталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында шаһардың жаңа әлеуметтік және мәдени нысандарының концепт-эскиздерін дайындауға бағытталған «TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» халықаралық сәулет конкурсы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында халықаралық сәулет конкурсы басталды

Аталған конкурс Қазақстан Республикасы Премьер-Министірінің бірінші орынбасары Асқар Маминның тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Байқау Қазақстанның рухани-мәдени орталығының дамуына импульс беретін бірегей сәулеттік шешімдер әзірлейтін халықаралық және отандық сәулетшілерді қатыстыру мақсатымен өткізілуде.

Оған қатысушыларға бір ай көлемінде 15 жоба бойынша толыққанды сәулеттік эскиздер әзірлеу міндеті тқойылған. Үміткерлер осы жобалар аясында сәулеттік идеяларын негіздеумен бірге нысандардың тағайындалу мақсатын анықтауы тиіс. Яғни, ежелгі Түркістанның мәдениетін бойына сіңірген бірегей сәулеттік идеясы бар, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ең заманауи тиімді шешімдері мен технологиялары бар жұмыстар үздік деп танылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа нысандарды туристік тартымдылықпен қамтамсыз ету өте маңызды болып саналады және осы нысандар арқылы Түркістан бүкіл орталық Азия бойынша туристер ең көп келетін қалалардың бірі болуы тиіс.

Айта кетейік, «TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» халықаралық сәулет конкурсы ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап 26 қарашасына дейін бір кезеңде өтеді. Қатысушылар конкурстық нысанның әр санатына арналған техникалық тапсырманың барлық талаптарына сәйкес концепт-жоба дайындауы тиіс. Конкурс қатысушыларына жобаланушы нысандар бойынша айрықша шарттар және талаптармен шектеу көрсетілмейді. Демек әрбір қатысушының өз шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға және негіздеуге толық еркіндік беріледі.

Байқау қорытындысы бойынша әрбір жеңімпаз өз номинациясында ақшалай сыйлықты иеленеді және жеңіске жеткен жобасын жобалауға эксклюзивті келісімшарт жасасу мүмкіндігіне ие болады.

Конкурсқа қатысудың техникалық тапсырмасы мен шарттары turkistan-awards.com сайтында жарияланған.