Түркістан облысында интернет алаяқтық қылмыстары өскен
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында интернет алаяқтық қылмыстары өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері банк қызметкерлерімен бірге интернет алаяқтықтың алдын алу барысын талқылады.
Арнайы өткен дөңгелек үстелге прокуратура мамандарымен бірге екінші деңгейдегі банктердің өкілдері, ұялы байланыс операторларының қызметкерлері және тергеушілер мен жедел уәкілдер қатысты.
Жиында мамандар интернет алаяқтықтың алдын алу жолдарын жан жақты талқылады.
«Интернет алаяқтық қылмыстары екінші деңгейдегі банктермен тікелей байланысты. Статистикада көз жүгірсек аталған қылмыс түрлерінің жылдан жылға өсіп келе жатқанын көреміз. 2020 жылы – 225 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы 474 қылмысқа артқан. Яғни, 110,7 пайызға өсіп отыр», - деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Сондай-ақ, полиция подполковнигі негізгі проблемаларды атап өтіп, халықтың сауаттылығын арттыру қажеттілігіне тоқталды.
Мобильдік қосымшалардың басты бетіне 2 тілде сақтандыру туралы жазу, банк бөлімшелеріне ескерту шаралары бар баннерлер ілу, банк операторлары арқылы тұтынушыларға ескерту, тұрғындар алаяқтың құрбаны болған жағдайда банк арқылы жедел түрде алынған ақшаның түбірін анықтап, тез арада бұғаттау керектігін ескертті.

