Түркістан облысында ирандық компания фармацевтикалық зауыт салады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран елінің инвесторларымен кездесті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.

Түркістан облысында ирандық компания фармацевтикалық зауыт салады

«Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген мәртебелі меймандар ТМД елдері арасындағы сапарын Қазақстаннан бастап отыр. Компанияның маңызды және бірегей ерекшеліктерінің бірі - зерттеуге инвестиция салу, сондай-ақ кадрларды дайындаудағы тұрақты ұмтылыс. Фармацевтика саласында бәсекелестерінің алдын орап үлгерген компания 54 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. Сапалы өнімдер еуропа нарығына жөнелтілуде. Инвестор арасындағы негізгі дәнекерші - «Source Energy» компаниясы», - делінген хабарламада.null 

Әкімдіктің хабарлауынша, бүгінгі күні қызметкерлердің 30 пайызы доктор, магистр дәрежесіндегі және фармакология саласындағы мамандар. Олар ғылыми-зерттеу, дамыту және сапаны бақылаумен айналысады. Niak фармацевтикалық компаниясы соңғы GMP стандарттарына сәйкес №2 зауытты дамытуды жоспарлап отыр.

«Мен Сіздердің бұл бастамаларыңызды толық қолдаймын. Маңызды қадам жасалып жатқандығы анық. Сондықтан жұмысқа еш алаңсыз кірісулеріңізге болады. Сіздер үшін индустриялық аймақты дайындаймыз. Еуропалық одақтың нарығына шығудың да тиімді тұстарын атап кетуге болады. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияға өндірілген дәрілерді еш кедергісіз жеткізесіздер. Бұл шамамен 200 млн халыққа жол тартады деген сөз. Экономикалық аймақ ретінде өзімізде де жеңілдіктер қарастырылған. Кеден бекеттерінен қиындықтар болмайды. Сондықтан белсенді түрде білек түре іске кірісуге шақырамын. Бюрократия болмас үшін мен өзім қадағалаймын», - деді Ж.Түймебаев.null 

Өз кезегінде, Иран инвесторлары аймақ басшысына ризашылығын білдірді. Кездесуде екіжақты меморандумға қол қойылды. Мәртебелі меймандар Түркістанмен сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

null