Түркістан облысында карантин кезінде 600-ге жуық той тоқтатылған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 100-ден астам мобильді топ құрылған. Оның құрамында әкімдік қызметкерлері, кәсіпкерлік палатасы, полиция басқармасы және еріктілер бар. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 263 229 390 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысында карантин кезінде 600-ге жуық той тоқтатылған

Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігерінің орынбасары Айдарқұл Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Атап айтқанда, мониторинг жұмысының нәтижесі бойынша 42 594 нысан тексеріліп, 5137 айыппұл салынған.

Оның ішінде 30 АЕК көлемінде 4960 жеке тұлғаға (206 683 200 тг), 103 жеке кәсіпкерге (32 905 410 тг), 12 заңды тұлғаға (3 833 640 тг), 62 лауазымды тұлғаға (19 807 140 тг) хаттамалар толтырылған.

Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес, егер 7 күн ішінде айыппұлды өтейтін болса, 50 пайызы ғана төленеді.

«Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін жалпы 577 отбасылық іс-шара тоқтатылып, әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ, сайлауалды көпшілік іс-шараларын жүргізуде үгіт-насихат өткізу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталуы ләзім. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөлгеніңіз абзал. Сондықтан, сақтық шараларын ескерусіз қалдыруға болмайды»,-деді Айдарқұл Райымқұлұлы.

Баспасөз мәслихатында спикер сайлауалды үгіт іс-шараларын теледидар, радио, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу қажеттігін айтты.

Сайлау кампаниясы үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, белгішелерді, жалауша таратуда бір рет қолданылатын қолғаптарды және қорғаныш маскаларын пайдалана отырып жүзеге асыру қажет.