Түркістан облысында кеурек өсімдігін жойып жатқан Тәжікстан азаматтары анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Отырар ауданында далалы алқапта өсетін кеуректің тамырын қазып алуға келген Тәжікстан азаматтары анықталды. Бұл туралы Арыс қалалық әкімдігі ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешеден бері әлеуметтік желіде Түркістан облысының аумағында дәрілік қасиеті мол өсімдік ретінде танылған кеуректің тамырын қазып, қайта өспейтіндей хәлге түсіріп жатқан азаматтар туралы видео тараған болатын. Осы ақпараттың жариялануына байланысты Арыс қаласы әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, оқиға орнына барды.


Қала әкімдігінің мәліметінше, арнайы топ өкілдері желіде тараған деректер негізінде кеурек қазу жұмыстарына Тәжікстан Республикасының азаматтары келгенін анықтаған. Олар далалы алқапта шатыр тігіп, кеурек қазуға дайындалып жатқаны белгілі болған. Ал жер мамандарының зерделеу жұмыстары нәтижесінде заңсыз әрекеттер орын алған аумақ Отырар ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жері болып шықты. Арнайы топ құрамында келген құқық қорғау органының өкілдері заңсыз жұмысқа жегілген азаматтар мен олардың дәлел, дәйекті заттарын Отырар аудандық полиция бөлімінің қыметкерлеріне тапсырды.


«Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған жұмыс тобы мен оқиға куәгерлері заңға қайшы әрекеттер жөнінде акт толтырып, өз құзыреті шеңберінде Отырар ауданы әкімдігіне қызметтік хат жолдады. Қазіргі кезде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың арнайы тапсырмасына орай, ауылдық округтер әкіміне шұғыл тапсырма беріліп, Арыс қаласы аумағындағы дәрілік өсімдіктерді қорғау мақсатында қатаң бақылау жұмыстары жүргізілуде», - делінген әкімдік хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар