Түркістан облысында көктемгі егін науқанына дайындық пысықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Жетісай ауданында көктемгі егін науқанына дайындық жұмыстары пысықталды. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен өткен кезекті жиналыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді түгендеу мәселелері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда ауыл округтеріндегі игерусіз жатқан егістік алқаптардың тізімдері жасалып, иелерін анықтау мәселесі көтерілді. Аудан басшысы осы мақсаттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, алқаптарды көктемгі егінге дайындау да ерекше қарқын алу тиістігін атап өтті. Көктемгі егінге әзірлік мәселесінде жерді айдау, сор шаю, пал алу жұмыстарының барысы талқыланды. Аудандағы ауылдық округтерде көгалдандыру, абаттандыру шараларының қарқыны да көтерілді. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, оны орындалу мерзімдерін бекітті.



Бұдан өзге, жиында сүт өндіру мәселелері сөз болды. Сала мамандарының сөзінше, өнеркәсібі өркендеп, отандық өндірісі өркен жайған ауданда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар қарқын алған. Мәселен, асыл тұқымды ірі қара ұстаған қожалықтардың табысы артып, қорадағы малдың басы 46 мыңға жеткен. Сауын сиырлар саны 25 мыңнан асып, соның арқасында өткен жылы ауданда 43 мың тонна сүт өндірілген. Сүт өнімдерін өңдейтін екі өндіріс орны жұмыс істейді, олар озық технологиялармен жабдықталған. Тәулігіне 20 тонна сүт өңдеуге қауқарлы.

Соңғы жаңалықтар
telegram