Түркістан облысында колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлінді

None
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың айтуынша, әр саладан жинақталған ұсыныстарға сәйкес 87 мамандық бойынша қажеттілік анықталған.

Жалпы өңірде 52 колледж бар. Мемлекеттік тапсырысты білім стандарттарына әрі техникалық талаптарға сай оқу орындары ғана ала алады. Биыл өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 8375 грант, ауыл, орман, балық шаруашылықтары және ветеринария саласына – 700, қызмет көрсету кадрларын даярлауға 1575 грант бөлу жоспарланған. Яғни, техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Ал, білім саласы мамандарын даярлауға – 1100, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 275, кәсіпкерлік басқару және құқық саласына –375, цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін 1950 грант бөлу межеленген.


2023-2024 жылы оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысында жастарды орта біліммен қамту жайы талқыланды. Жиынға төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев колледжге түсуші түлектерді мемлекеттік грантпен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Өткен жылы Түркістан облысы үшін арнаулы оқу орындарына 17 мың грант бөлінген. Бірақ оның біразы игерілмей, кері қайтарылған. Оның түрлі себептері бар. Бірақ биыл мұндай олқылық қайталанбауы тиіс. Осыған сәйкес өңірімізге 15300 грант ұсынылып отыр. Оның 650-ден астамы облыстық бюджеттен медициналық мамандарды даярлауға бағытталды. Колледжде грантқа түскен студенттерге 30 мың теңге стипендия беріледі. Осы мүмкіндікті жастарымыз пайдалансын», - деді Бейсенбай Тәжібаев.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша биылғы оқу жылында 30 мыңға жуық оқушы мектепті бітірсе, 42 мың оқушы 9-сыныпты тәмамдайды.



Соңғы жаңалықтар
telegram