Түркістан облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші 58 пайызға төмендеген
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші едәуір төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сала мамандары жыл басынан бері облыста эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын мәлімдейді.
Мәселен, қаңтар, ақпан айларында коронавирус аурушаңдығы 58% төмендеген.
Наурыз айының алғашқы аптасында да тұрақтылық байқалып отыр.
Бұл - өңірдегі эпидахуал бойынша атқарылған күнделікті жұмыстардың нәтижесі, дейді мамандар.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, бүгінгі күні өңірде коронавирус жұқтырған 659 жағдай тіркелген.
Аймақта бұған дейін 4204 азамат індеттен айықты. Түркістан облысында 9 полимеразды тізбекті реакция зертханалары жұмыс жасайды.
Өткен жылдан бері 532 мыңға жуық азамат ПТР тест тапсырған.
Сонымен қатар, облыста пневмонияға шалдығушылар саны да 25% азайып отыр. Түркістан облысы еліміз бойынша жасыл аймақта.
Өңірдің бас мемлекеттік санитария дәрігері Нұрбек Нышановтың соңғы қаулысында кәсіпкерлік ныснадарының жұмыс уақыты ұзартылып, карантин шектеулері жеңілдеді.
Дегенмен, мамандар өңір тұрғындарын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
Көпшілік жиі шоғырланатын жерлерде әлеуметтік қашықтық пен маска режимі сақталуы керектігін ескертеді.


