Түркістан облысында коронавирусқа қарсы барлық шаралар қолға алынуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирус дертіне шалдыққан азаматтар жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Брифингіге облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қатысты.

Алғаш болып сөз алған Ж. Аманбаев өңірде көпшілік жиналатын жерлерде сақтық шараларын сақтауға шақырды. Жиын, кездесулерді азайтып, облыс тұрғындарына алаңдамау керектігін айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов өңірде 13 наурыздан бастап өткізілетін барлық мерекелік, спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар тоқтатылатынын жеткізді.

«Түркістан облысы бойынша 907 мектеп, 1 441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Орта білім беру мекемелерінің оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін 3 аптаға демалысқа шығады. Демалыс кезеңінде баланың жауапкершілігі ата-анада, сондықтан туристік нысандарға, кинотеатрларға бармауға шақырамыз. Әлеуметтік желілерде алып-қашпа қауесет сөздер көп таралуда. Бұл ретте барлық азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуді өтінемін», – деді Сәкен Қалқаманов.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Түркістан облысында коронавирус дерті анықталмағандығын айтты.

«Бүгінге дейін облыс аумағына келушілер арасында коронавирусқа күдікті науқастар тіркелген жоқ. Облыс бойынша коронавирус инфекциясы ауырған науқастарды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 орын дайындалған. Коронавирус инфекциясына ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау мақсатында 240 орынға провизорлық стационар қарастырылған. Барлығы – 340 орын. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімі дайындалды. Қарым қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 орынға обсервациялық госпиталь жоспарланған», – деді Нұрбек Нышанов.

Атап өтейік, бүгінгі таңда облыстық тұрақтандыру қорында қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік бар. Қазір қорда 6546,6 тонна өнім бар. Облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 11 атаулы тауардан 18 567 тонна өнім бар. Азық-түлік қоры жеткілікті. Сол себепті, базарға барып азық-түлікті көптеп алып, дүрбелең туғызуға негіз жоқ.


Соңғы жаңалықтар