Түркістан облысында коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық барысы, партияішілік праймериздің нәтижелері, тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеуге әсері және Түркістан айналасындағы «Жасыл белдеуді» дамыту мәселелері өңір әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аппарат отырысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партияішілік праймериз қоғамда қызу қолдау тапқанын баяндады. Іріктеуге 1074 адам түскен. 1-4 қазан аралығында өткен дауыс беруге 245 бастауыш партия ұйымынан 78 262 адамның 72 973-і қатысты. Облыстың аудан, қалаларында ашылған 209 дауыс беру орындарында карантин талаптары қатаң сақталды.

Түркістан облысында коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейді. Індет қайта белең алған жағдайда дәрі тапшылығы болмас үшін екі айлық қор жиналып, облыс ауруханалары тыныс алу аппараттарымен қамтылуда. Қосымша төсек-орындар қажет болған жағдайда оның саны 5,5 мыңға дейін жеткізіледі. Облыс басшысының тапсырмасымен аудандық ауруханалар компьютерлік томографтармен, ПТР зертханаларымен және цифрлық рентгендермен жабдықталды. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі концентраттары да әр аудандағы емдеу мекемелеріне таратылған. 12 жылжымалы медициналық кешен аудандарға жеткізілуде. Науқастарды дер кезінде анықтап, қызмет көрсету мақсатында арнайы учаскелер мен мобильді топтар құрылған. Түркістан облысы Полиция департаменті өңірдің Бас санитарлық дәрігерінің облыста қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу қаулысына сәйкес күшейтілген түрде жұмыстар атқаруда.


Ауыл шаруашылығы – жалпы өңірлік өнімнің 20% құрайтын облыстың басымды саласы. Жергілікті көкөніс, бақша, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдерімен өңір тұрғындары артығымен қамтамасыз етіледі. Ал құс еті және жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемі орташа 35% құрайды. Халыққа жергілікті өнімдердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар атқарылуда.



Соңғы жаңалықтар