Түркістан облысында мақта бағасы 180 теңге болып бекітілді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапарынан кейін мақтаның бағасы 180 теңге болып бекітілді. Бұл туралы Мақтарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімдіктің хабарлауынша, мақтаны экспорттаумен айналысатын трейдерлермен арнайы жиын өткізілген. Соның арқасында ақ алтынның бағасы 10 теңгеге қымбаттаған. Ал, бұған дейін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтар мақтаның бағасын көтеруге ықпал жасау бойынша іс-шаралар жасап, зауыт басшыларымен бірнеше рет кездескен еді. Нәтижесінде, мақтаның әрбір тоннасына 12 мың теңгеден мемлекеттік субсидия қоса берілетін болды.