Түркістан облысында мақта терімі басталды

Биылғы жылы ауданда 48220 гектарға мақта дәні себілген. Аудан шаруалары өткен жылы орташа есеппен мақтаның әр гектарынан 25 центнерден өнім жинаса, биыл да осы көрсеткіштен төмен болмайды деп болжам жасап отыр. Терім науқанын бастаған Ж.Ералиев, Ш.Ділдабеков, Мақталы, Қарақай ауыл округтеріндегі шаруалар бірер күнде мақта алқаптарына комбайндар жұмылдырылатынын айтады.
Қазірдің өзінде ауданда 70-ке жуық «ДжонДир» мақта теретін комбайндардың техникалық дайындықтары пысықталуда. Оның 65-і төрт жүйекті. Яғни, әрбір комбайн бір мезетте 4 жүйектегі ақ алтынды жинауға қауқарлы.
Айта кетерлігі, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармай талондары таратылып берілуде. Сондай-ақ, алқаптарда мақтаны химиялық әдіспен қурату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аудан көлемінде ақ алтын жинауға арналған қабылдау бекеттері іске қосылуда.