Түркістан облысында медицина қызметкерлеріне 215 млн теңгеге жуық үстемақы төленді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен күрес жүргізіп жатқан медициналық ұйым қызметкерлерінің жалақысына қосымша үстеме ретінде 214 млн 837 мың төленген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында медицина қызметкерлеріне 215 млн теңгеге жуық үстемақы төленді

Филиал директорының айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірдегі жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру тиісті кесте бойынша жүргізіледі.

«Мемлекеттік бюджеттен 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін бекітілген үстеме көлемінде материалдық қолдау көрсету үшін қаражат бөлінді. Бұл қаражат 1 973 медицина қызметкеріне төленді. Үстемақы алғандардың ішінде реанимация, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші буын медицина қызметкерлері бар. Сондай-ақ, провизорлық стационар және жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері және жүргізушілер тізімге қосылған», – деді Асхат Бейсенбаев.

Үстемақы алушылардың тізімін жасақтау әрбір өңірдегі шұғыл штабтар жанындағы комиссияға бекітілген. Сонымен қатар, аймақта короновирус инфекциясымен ауырған науқастарды жатқызу үшін 270 төсек-орын дайындалған.

«Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагнозын анықтау мақсатында 570 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындалған. Науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 1256 төсек орынға карантиндік орталықтар ашылған. Ал, төсек-орынға 305 924 366 теңге, ПТР анализге – 60 150 828, 21 теңге қарастырылған», - деді Асхат Бейсенбаев.