Түркістан облысында медицина саласының мамандары марапатталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күніне орай Түркістан облысы медицина саласының мамандары марапатталды. Мемлекеттік наградаларды облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында медицина саласының мамандары марапатталды

Салтанатты шарада дәрігерлер мен орта және кіші буын медицина қызметкерлері «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, «Шапағат» медалімен және ҚР «Құрмет» грамотасымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасы тапсырылды. «Еңбек ардагері» медалі және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.

«Еліміз тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Соның ішінде медицина саласы да қарыштап дамып келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласының даму деңгейі әр ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы осының айшықты дәлелі деуге болады»,-деді Арман Сәбитов.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ұсынылған мемлекеттік марапаттар облыстағы барлық медициналық ұйымдардың үздіктеріне жолданды.