Түркістан облысында медициналық сақтандыру қоры 697 млрд теңге аударды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында медициналық сақтандыру қоры халыққа көрсетілетін қызметтер үшін 697 млрд теңге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қор 2019 жылдың 8 айында республиканың медициналық ұйымдарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде халыққа көрсетілген қызметтер үшін 697 млрд теңге аударды», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова.
Қордың медициналық көмектің көлемі мен сапасын бақылауға толық өкілеттігі бар. Мониторинг медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік және жеке меншік компаниялардың барлығына бірдей жүргізіледі.
«Қордың 17 филиалының кәсіби дәрігер-сарапшылардан құралған құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың міндеті – емдеу сапасының жоғары болуын бақылау. Қызметін абыроймен атқаратын медициналық қызмет көрсететін компанияларды қор ұзақ мерзімді шарттармен, үздік жұмысы үшін түрлі бонустармен қолдайтын болады», - дейді Лаура Сапарбекова.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) сарапшылары көрсетілген медициналық көмек сапасын пациенттің маршруты бойынша бағалайды. Яғни, әрбір сатыда, әрбір өнім беруші бойынша қорытынды шығарылады.
«Келер жылдан бастап сараптама медициналық көмектің екі пакеті бойынша жүргізіледі: сақтандырылған және кепілдік берілген. Ал мониторинг процесін автоматтандыру мен сапа индикаторларын әзірлеу және басқа да жаңашылдықтар жұмысты жылдам әрі тиімді түрде атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қор пациент мүддесін қорғаушы ретінде әрекет етеді», - дейді маман.