Түркістан облысында мектеп саны 1 мыңға жетті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Сарыағаш ауданында өңірдегі бір мыңыншы мектеп ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында мектеп саны 1 мыңға жетті

Білім ұясының ашылу салтанатына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, жаңа мектептің ұжымына сәттілік тіледі.

«Еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда, қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдау ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.


Сарыағаш қаласы, «Самал» шағынауданында салынған мектеп 900 оқушыға арналған.

Оқушылардың білім алуына да қолайлы жағдай жасалған.

Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Білім ұясында кітапхана бойынша 1 оқу залы мен 1 медиа зал бар.

Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Үлкен спорт зал, 300 орынға арналған асхана жұмыс істейді. Медициналық 2 бөлме арнайы медициналық құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған.

Өртке қарсы дабыл қаққыш пен бейнебақылау камералары орнатылған.


Фото: Түркістан облысы әкімдігі