Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзған шенеуніктер жазаланды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу барысында түрлі заңбұзушылыққа жол берген шенеуніктерге айыппұл салынды.

Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзған шенеуніктер жазаланды

Үш ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшыларына әкімшілік іс қозғалып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің мәліметінше, аудан, қалаларда мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг жүргізілген. Оның қортындысымен Бәйдібек, Отырар және Түлкібас аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен өткізгені анықталған. Атап айтқанда, ауыз су құбырларын тарту мен жылу жүйелерін жүргізу кезінде белгілі бір кәсіпкерлік нысандарға басымдық берілген.

«Аталған бөлімдер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бойынша келісімшарттарын түзіп, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол берген. Сондықтан заңбұзушылық әрекеттердің орын алуына байланысты мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесі ішінара жарамсыз деп танылады. Тергеп-тексеру қортындысымен жоғарыда аталған бөлімдердің басшыларына қатысты әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді Түркістан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов.

Қазіргі таңда, аталған бөлімдердің лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік айыппұлдар толық көлемде өндірілген.