Түркістан облысында нөсер жаңбыр салдарынан өзендер арнасынан асуда
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында нөсер жаңбыр салдарынан өзендер арнасынан асуда. Осы жағдайға байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды,деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралады. Мұнда толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілді. Соңғы ақпарат бойынша, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйлердің ауласына су кірді. Барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілген. 27 үйдің құлау қаупі бар.

«Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық мөлшердегі жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр»,- деді Өмірзақ Естайұлы Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.
Түнде мұнда Қазығұрт, Сайрам және Ордабасы аудандарынан көмек жетті. Олар халықты эвакуациялап, қажетті заттар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.







