Түркістан облысында оқушылар төбелесіне қатысты тергеу амалдары басталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында мектеп оқушылары арасында болған төбелестен бір бала ауруханаға түсіп, оған ота жасалды. Полиция департаментінің басшылығы істің тергелуін өз бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оқиға 6 маусым күні Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылында болған. Мектеп оқушылары жолдың екі жақ бетіне тұрып, бір-біріне тас атқан, төбелескен. Салдарынан бір баланың бас сүйегі сынып, ол ауруханаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша Кентау қалалық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жастар арасында жанжал туындап, түсінбеушілік орын алғаны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, осы іске қатысты Сауран ауданының кәмелетке толмаған тұрғыны дер кезінде анықталып, полицияға жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Іс Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауында» - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ал Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев жарақат алған баланың жағдайы қазір қалыпты екенін айтты.

«Балаға ота жасалып, травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы қалыпты» - деді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар