Түркістан облысында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы шығып жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылып жатыр. Аталған оқулық 5,6,7 сыныптарға арналған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы шығып жатыр

Бақытжан Әшірбековтың сөзінше, өңірде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жетерлік. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында облыста «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» бойынша 46 жоба 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда.

«Өнегелі бір сағат» жобасы аясында тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұлттық құндылықтар насихатталды. Іс-шарада оқушылардың қоғаммен қарым-қатынасын нығайтуға, дүниетанымын кеңейтуге бағытталған тағлымдық әңгіме өрбіді. Онлайн режимдегі тағлымдық шарасы әр онкүндікте басқа да танымал тұлғалармен жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков қатысып, онлайн режимде, әрі бір мезетте 67260 оқушыға тағылымдық сабақ өтті. «Өлкетану» пәні бойынша облыстық конференция өтті»,- деді Бақытжан Әшірбеков.

Алдағы уақытта «Өлкетану» пәні бойынша өлкетанушылардың үздік сабақ нұсқаларының қоры жасақталады деп жоспарланған. Сондай-ақ видеосабақтар әзірленіп, облыстағы мектептерде қолданысқа енгізілмекші.

«Жыл бойы «Өлкетану» бағыты бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы жүйелі түрде жүргізіліп, облыс бойынша 11000-ға жуық оқушы қатысты. Оқушылар өз өлкесінің тарихымен танысып, туған жерге деген патриоттық сезімдерін ұштай түсті», - деді Бақытжан Әшірбеков.

Жоба жетекшісі бұдан бөлек «Абай даналығы» жобасы бойынша 1038 мектептен «Абай әлемі» клубы құрылғанын атап өтті. Бүгінде клубқа 20 760 оқушы мүшелікке қабылданған. Облыс көлемінде іс-шара ұйымдастырылып, белсенділігімен ерекшеленген аудан, қаладан 30 оқушы іріктелген.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында биыл философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 18 оқулық аударылды. Қазіргі уақытта келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасып жатыр. Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Сатылымда жоқ. Алғашқы 18 оқулық 10 мың данадан басылып, 110 жоғары оқу орнына тегін таратылды.

Оның ішінде, Түркістан облысына 16000 дана кітап берілген. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындап жатыр. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті - openU.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ Ұлттық аударма бюросы әр кітап негізінде жеке-жеке 20 минуттық видеолекциялар топтамасын түсіріп жатыр»,- деді Бақытжан Әшірбеков.

Ал, Түркістан облысының қасиетті, киелі орындарының аңыз-әңгімелер жинағын шығаруға облыстық бюджет есебінен 5 млн 580 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінде «Оңтүстіктің қасиетті орындары:аңыз-әпсаналар» атты 300- ге жуық аңыз-әңгімелер жинағы шықты. Сонымен қатар жобалық кеңсенің байыпты бастамаларының бірі - «Алтын ұям» жобасы бойынша 9 980 мың теңгенің жұмысы жасалып, әрбір азаматтың туған ортасына деген құрметі өз жемісін берген. Яғни, мектепті бірнеше жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздері білім алған орданың абаттануына және техникалық базасының жақсаруына қолқабыс көрсетуі осының дәлелі іспеттес.