Түркістан облысында он жыл бұрын салынған мектеп апатты деп танылды
Жеті қазына ауылындағы жалғыз мектепте 250 бала оқиды. Мектеп әкімшілігі екі жыл бұрын ғимараттың бір бөлігін іргетасы отырған соң, қауіпті деп жауып тастағанын айтады. Ал, биыл жарықтар мүлде көбейіп кетіпті. Жыл сайын құрылыс салған компания өкілдерін жылда шақыртамыз дейді. Ал, биыл шатырдан аққан судан бөлмелердің қабырғалары көгертіп, кафельдері түсіп жатыр екен. Жарықтардың арасы ашылып, адам шошырлық жағдайға жеткен.
«Іргетасы жарты метрге отырды ғой. Қорқатындай жағдайға жетті. Қабырғалар жарылып жатыр, сөгіліп жатыр. Бір жерін жамасақ, екінші жері кетіп жатыр. Ол жерді жамасақ, басқа жағы кетеді. Кейбір бөлмелерге барсаңыз көп ашылып кеткен»,- дейді мектептің қызметкері Молдатілеу Санаев.
Білім ұясының құрылыс барысын көзбен көріп, басы-қасында жүрген ауыл ақсақалы Нұрқозы Мәмбетов бұл мектепке бала оқыту қауіпті деген пікірде. Себебі іргетасы да, қабырғасы да талаптарға сай қаланбаған дейді. Ақсақалдың сөзінше, мектепті салып біткеннен кейін бір жылдан кейін-ақ қабырғалары жарыла бастаған. Қазір есіктері жабылмай, жаңбыр жауса су ағатын жағдайға жеткен. Болмаған соң мердігер өз есебінен жөндеу жүргізуде.
«Мектептің іргетасы құйылғанда теміржолдағы қиыршық тастарды, нұқыл топырақтарды төкті. Мына жерде фундамент жоқ астында. Мұны дәу-дәу холл ұқсатып істеген дағы, ортасынан жарты қыштан өріп шыға салған. Мына фундаментті құйып жатқанда да арасына арматураны кем салды. Салған жеріне салды, салмаған жеріне қалды. Желдеткіші жоқ астында, болмағаннан кейін едендері шіриді»,- дейді Нұрқозы Мәмбетов.
Мектеп басшылығы балалардың өмірінен қауіптеніп, биыл техникалық сараптама жасатқан. Ондағы мамандар мектепті апатты деп танып, сүру керек деген қортынды жасапты. Соған қарамастан аудандық білім бөлімінің басшылығы жаңа оқу жылында балаларды осы мектепте оқытпақ.
«2022 жылғы шілде айында алынған техникалық қортындыда бұл мектепті апатты жағдайда деп таныды дағы, жөндеу жұмыстарына өте көп қаржы кететінін және соған орай оны апатты деп тану туралы шешім қабылданған. Мердігер тарапынан қазір жөндеу жұмыстары аяқталған жағдайда мектепте біз оқытатын боламыз»,- дейді Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.
Бір қызығы апатты мектептің құрылысын жүргізген компания биыл Мақтаарал мен Жетісай аудандарында тағы жеті мемлекеттік нысанның ғимаратын салып жатыр. Оның үшеуі білім ұялары болып табылады. Ал, Жеті қазына ауылындағы ата-аналар болса биыл апатты мектепке балаларын жіберуден үрейленіп отыр. Көрші ауылдарға тасымалдап оқытса да қауіпсіз жерде білім алса дейді.