Түркістан облысында өрттерден 1 млрд теңгеден астам сомаға шығын келген
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында өрттер салдарынан 1 млрд теңгеден астам материалдық шығын келді, деп хабарлайдыҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы өңірде жыл басынан 289 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 6 адам қаза болып, 5 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Жалпы сомасы 1 млрд 063 млн 838 мың теңге болатын материалдық шығын келген.
«Өрт шыққан орындар бойынша ең жоғары көрсеткіш тұрғын үй секторында тіркеліп отыр. Облыс аумағында 184 үйде өрт болған, 53 көлік өртенген. Қалған өрттер өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру мекемелерінің ғимараттары мен әкімшілік-қоғамдық нысандарда болған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау объектілері мен сауда орындарында, тауар сақтау қоймаларында тіркелді», - деді Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Сондай-ақ ол Жетісай қаласындағы «Күлпаршын базары» ЖШС-ға жүргізілген тексеру барысында заң бұзудың 9 фактісі анықталғанын жеткізді. Осыған орай Жетісай ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша базар иесіне ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылған.
Айта кетейік, 26 тамызда Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шықты. Салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кетті. Келтірілген шығынды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.