Түркістан облысында пневмониядан қайтыс болған 5 дәрігердің отбасына жәрдемақы төленеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын 132 медицина қызметкері жұқтырған. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында пневмониядан қайтыс болған 5 дәрігердің отбасына жәрдемақы төленеді

Облыс әкімінің айтуынша, 24 медицина қызметкері қауіпті індеттен емделіп шыққан. Ал, пневмония дертінен өкінішке қарай 5 дәрігер көз жұмған. Жұмыс барысында қайтыс болған ақ халаттылардың отбасыларына тиісті жәрдемақы беріледі.

«Қиын-қыстау кезеңде өзінің жанын аямай, науқастарға дер кезінде көмек көрсеткен дәрігерлер еңбегі ерен. Мен оларға алғыс айтамын. Өкінішке қарай, індеттен көз жұмған дәрігерлер де бар. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету – біздің парызымыз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, коронавирус індетімен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған барлық қызметкерлерге материалдық үстемақы қарастырылған. Наурыз-маусым айларында 17 368 қызметкерге үш санат бойынша барлығы 2 867,1 млн теңге берілген.