Түркістан облысында полицейлер иісшіл иттің көмегімен есірткі тапты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полицейлер «Нифи» атты иттің көмегімен есірткі затын тапты. Қызметтік ит Өзбекстан Республикасына қарай өтіп бара жатқан «Вольво» маркалы жүк көлігіне үріп, белгі берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында полицейлер иісшіл иттің көмегімен есірткі тапты

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазығұрт» шекара бекетінен аудандық полицияға хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жеткен Сарыағаш АПБ-нің шұғыл тергеу тобы шетелдік азаматтың көлігінен жасырылған есірткі затын тапты. Тінту барысында жедел уәкілдер өзіне тән хош иісі бар 1 пакет есірткі затын тәркілеген. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі 26 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты.

«Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауда», - делінген хабарламада.