Түркістан облысында рейд барысында дәріні қымбатқа сатуға қатысты 39 факті анықталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында рейд барысында дәріні қымбатқа сатуға қатысты 39 факті анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері аудандық полиция бөлімшелерімен және басқа да мүдделі органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, күн сайын рейд және жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізуде.
Мобильдік топ Сайрам ауданындағы дәріханалардың бірінде дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатқанын анықтады. Дәріхананың сатушысы белгіленген бағасы 1 000 теңге «Дексаметазон» препаратының қаптамасын 5 000 теңгеден сатқан.
Полиция қызметкерлері аталған дәрінің 100 ампуласы бар 5 қорабын тәркіледі. Жинақталған материалдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жолданды.
Осындай заңбұзушылық Түлкібас ауданында да тіркелді. Рейд барысында жергілікті тұрғын 20 орам «аскорбин қышқылын» 750 теңгеден, (белгіленген бағасы 373 тг) және «Дексаметазон» препаратының 2,5 қаптамасын 2 000 теңгеден (белгіленген бағасы әр қаптамасы 1 000 тг) сату үстінде ұсталды. Ол аталған дәрілер өзінің емінен артылып қалғандықтан, сатып жібергісі келгенін жеткізген.
Осылайша жедел топтар облыс аумағында дәрілерді қымбат бағамен сатудың 39 фактісін анықтады.

«Сонымен қатар Түлкібас ауданында карантин жарияланғаннан бері полиция қызметкерлері 67 құқықбұзушылықты анықталды. Оның 57-сі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу« бойынша және 10-ы ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «жалпы су пайдалану ережелерін бұзу« бойынша тіркеліп, 10 әкімшілік хаттама толтырылған. Қазіргі уақытта полиция карантинді сақтау бойынша профилактикалық жұмысын жалғастыруда», делінген хабарламада.
