Түркістан облысында шаңды дауыл тұрып, жолда қалған жолаушылар құтқарылды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында шаңды дауыл тұрып, жол көрінбей қалды. Салдарынан автокөліктердің қозғалысы баяулап, кептеліс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Тһтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі бірнеше ауданда күн райы күрт нашарлап кеткен.
«Берген мен Қаражантақ тас жол бөлігіндегі шаңды дауыл салдарынан жолда қалған жолаушылар құтқарылды. Төтенше жағдайлар қызметінің көлігі жеке құраммен шығып, жолда қалып кеткен 38 ересек адам мен 4 баланы жол жөнекей тұрғылықты мекен-жайларына жеткізді.
Табиғаттың тосын мінезінен Қаражантақ, Саналы, Бөген, Төрткүл ауылдарында болған қолайсыздықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде»,- делінген хабарламада.
Өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері аудан тұрғындарын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Қазіргі таңда төтенше жағдай мамандары, өрт сөндіру, аудандық коммуналдық мекеме қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
