Түркістан облысында шаруаларға жанармай тасымалдау мәселесі талқыланды

ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара ауданында шаруаларға жанармай тасымалдау мәселесі талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары А.Тәженов пен ауыл шаруашылығы бөлімнің басшысы Т.Әлімқұлов шаруаларға жанармай тасмалдаушы «КазРосНефть» және «Simyrg Trans Oil» ЖШС өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында шаруаларға жанармай тасымалдау мәселесі талқыланды

Кездесу барысында шаруа қожалықтарға жанармай жеткізу жайы қозғалып, жанармай қорының көлемі мен оның бағасы талқыланды. Аталмыш операторлар өз қоймаларында аудандағы шаруалар мен фермерлерге қажетті жағармай қоры толықтай жететіндігін айтты. Сондай-ақ, жанармайды бастапқы босату орталығынан 160 теңге, ал жеткізіп тасымалдау түрі бойынша 163 теңгеге сатып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, биылғы жылы әлемдік төтенше жағдайға байланысты дизельдік отынға сұраныстың төмендегенін де жасырмады.

«Бізге арзандатылған жанармай көлемінің босатылып, тиісті орындарға жеткізілгені тиімді. Қазір ұсақ шаруа қожалықтар аз көлемде ғана жанармай алып, ал тонналаған жанармай қоймаларымызда ұзақ сақталып қалуда. Бұл бізге шығын келтіріп отыр. Сондықтан, үлкенді-кішілі шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанармай көлемін алуға асығыңыздар деген болар едік. Біз аудандағы шаруа қожалықтарына қанша жанармай қажет болса, сонша көлемде босатып әрі жеткізіп бере аламыз»,-деді жанармай тасымалдаушы операторлар.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары А.Тәженов жергілікті шаруа қожалықтарына арзандатылған жанармай қорының бар екені жөнінде хабарланатынын жеткізді. Бұл бағытта салаға жауапты бөлім мамандарына ауқымды жұмыстар атқару жөнінде тапсырма берді.