Түркістан облысында «Шипа» жобасы аясында 300 отбасына дәрі-дәрмек жіберілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Шипа» жобасы бойынша Түркістан облысының аудан-қалаларындағы 300 мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек қобдишасы жіберілді. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары мен кәсіпкерлердің бұл көмегін «Jas Turkistan» волонтерлер клубы мен аудандардағы «жасотандықтар» және жастар ресурстық орталығы жеткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында «Шипа» жобасы аясында 300 отбасына дәрі-дәрмек жіберілді

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы пандемияға қарсы күресті күшейту мақсатында «Өмір» және «Шипа» жобаларын қолға алған болатын. Осы арқылы өңір ауруханаларына өкпені жасанды желдету аппараттарын және мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек жеткізу көзделген.

Бүгін аудандарға дәрі-дәрмек жөнелтілді. «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұманның айтуынша, ел азаматтары мен кәсіпкерлер жобаға қызу қолдау көрсетіп жатыр.

«Бүгін «Шипа» жобасы бойынша аудан-қалалардағы мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек жолдап отырмыз. Ерікті жастар бұл бастамаға қолдау көрсетті. Біз осындай қадамдар арқылы тұрғындарға көмек қолын созуды мақсат тұттық. Партия филиалына, «нұротандық» депутаттарға, демеуші ағаларға, волонтер жастарға алғысымыз шексіз»,-дейді ол.