Түркістан облысында шіркейдің көбеюіне Көксарай су реттегішінің қатысы жоқ - ғалым

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында шіркейдің көбеюіне «Көксарай» су реттегішінің қатысы жоқ. Биология ғылымдарының кандидаты Қаршыға Көшкімбаев осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында шіркейдің көбеюіне Көксарай су реттегішінің қатысы жоқ - ғалым
Фото из открытых источников

Түркістан облысындағы Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласының аумағында шіркей қаптап кетті. Тұрғындар беттерін бүркеп, көзілдірік киіп жүруге мәжбүр. Себебі, шіркейден тек солай ғана қорғана алады. Ал, шіркейге таланған құстардың балапандары мен төрт түліктің төлдері өліп кетіп жатыр.

«Көксарай» су реттегіші салынғалы бері өңірде шіркей қаптап кетті». Әлеуметтік желіде тараған видеоларға пікір білдірушілер осындай ой жазған. Ал, биология ғылымдарының кандидаты Қаршыға Көшкімбаев «Шіркейдің «Көксарай» су реттегішіне ешқандай қатысы жоқ» деген пайым айтты.

«Шіркей Сырдың бойында бұрыннан бар. Бірақ, мұндай көп емес еді. Шіркей тек ағын суда болады. Сондықтан, «Көксарай» су реттегішінің бұл табиғи процеске ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, Сырдария өзенінің ағысы бұзылғандықтан, ауа өзгеріске ұшыраған. Бұл содан туындаған болған табиғи процесс болуы мүмкін», - дейді ол.

Ал, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме директорының орынбасары Қайрат Ермен бір апта ішінде шіркеймен күрестің нәтижесі көріне бастайтындығын мәлімдеді.

Жалпы, өңірдегі төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға Сырдария өзені бойында және Шардара, Отырар, Сауран ауданы мен Арыс, Түркістан, Кентау қаласында заласыздандыру жұмыстары жүргізіледі.