Түркістан облысында тағы үш ауылға газ жетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында үш елдімекен көгілдір отынмен қамтылды. Алатау ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс, Қайнар, Нысанбек елдімекендері тұрғындарының қуанышымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

Қазіргі таңда Төлеби ауданында жалпы саны 55 елді мекеннің 39-на табиғи газ жеткізілді. Таулы аудандағы көгілдір отынмен қамту үлесі халықтың 82 пайызын құрайды. Аталған үш елдімекендегі 2,5 мыңға жуық тұрғын енді үйлерін газбен жылытатын болды.

«Өңіріміздегі басқа қала-аудандармен салыстырғанда Төлеби ауданының елдімекендерін табиғи газбен қамту ісі қарқынды жүруде. Яғни, алдағы бірер жылда аудандағы барлық елдімекендер газдандырылып, қаланың жағдайына жететін болады. Мұның барлығы Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен тиісті міндеттемелерінің арқасында мүмкін болып отыр», - деді облыс басшысы.

Айта кетейік, 2017-2018 жылдары аудандағы 8 елдімекендегі (Майбұлақ, Қостөбе, Оңтүстік, Ханарық, Жамбыл, Жаңатұрмыс, Нысанбек, Қайнар) құрылыс жұмыстарына облыс бюджетінен 928,4 млн теңге бөлініп, табиғи газбен қамту толығымен аяқталды. Осы жылы қосымша 2 елдімекенде (Қаратөбе, Тасарық) газдандыру жүргізілді. Құбыр тарту жұмыстары аяқталған 10 елдімекенді кезең-кезеңімен газға қосу жұмыстары жоспарланып отыр. Газданбаған 6 елдімекен бойынша ЖСҚ әзірлеу мақсатында облыстық, аудандық бюджеттен 50 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылып, тиісті құжаттар әзірленді. Жалпы 2019-2020 жылдар аралығында аудан халқын толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар