Түркістан облысында тіркеліп жатқан көліктердің көбі Ресей мен Армениядан жеткізілген

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тіркеуге алынып жатқан көліктердің көпшілігі Ресей мен Армениядан жеткізілген. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында тіркеліп жатқан көліктердің көбі Ресей мен Армениядан жеткізілген
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Бүгінгі күнге дейін Түркістан облысында 300-ге жуық шетелдік көлік уақытша тіркеуге алынды.

Олардың көбі - Ресей мен Армения елдерінен жеткізілгендер. Сондай-ақ, олардың ішінде nexia, ваз 2107, ваз 2106 көліктері көп.

«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен жеткізілген және заңдастырудан өтпеген автомобильдерді мемлекеттік тіркеу жөніндегі жұмыс мерзімі өткеннен кейін кері әкету немесе бастапқы тіркеуден өту туралы міндеттеме қойылды. Яғни 5 жыл мерзімге уақытша есепке алу рәсімі енгізілді. Түркістан облысында бұл бағытта жалпы 297 өтініш түсті. Оның ішінде 289 автомашина уақытша тіркеуге алынып, 8 көлікті уақытша тіркеуден бас тарттық. Тіркеуге алынбаудың басты себебі - көліктердің жеткізілген елдерінде арестке қойылуы немесе тіркеуден шықпауы болып отыр» дейді полиция полковнигі.