Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзғандар 5 тәулікке қамалды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзған тұрғындар жауапқа тартылуда. Полицейлер өңірде шектеулерге бағынбаған 16 тұлғаны анықтап, екеуі сот шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзғандар 5 тәулікке қамалды

Түркістан қалалық полиция басқармасының сақшылары бұл күнде күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып, төтенше жағдай кезінде тәулік бойы рейдтік шаралар жүргізуде. Тиісті талаптарға бағынбаған тұрғындарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тартылуда.

Мәселен, қала орталығында төтенше жағдайға қарамастан заңсыз жұмыс жасап тұрған компьютер клубы мен 5 мейрамхана және кіші футбол алаңы анықталған. Сондай-ақ, дәмханалардың бірінде құдалық, туған күн жасаған азаматтар да жауапқа тартылды. Тұрғын үйінің ауласында той жасаған тұрғынға да шара қолданылды.